Қазақстан мен Қырғызстан сауда-логистикалық индустриялық кешенді тез арада іске қосу жөнінде уағдаласты

256

Бұдан бөлек, келіссөздер барысында агроөнеркәсіп секторындағы мүмкіндіктер талқыланды. 

Қазақстан мен Қырғызстан сауда-логистикалық индустриялық кешенді тез арада іске қосу жөнінде уағдаласты Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы қолда бар мүмкіндікті барынша пайдалану, әсіресе, Үкіметаралық кеңес пен Аймақаралық форумның жұмысын жандандыру, шекарада салынып жатқан Сауда-логистикалық индустриялық кешенді тез арада іске қосу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізгенін айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұдан бөлек, келіссөздер барысында агроөнеркәсіп секторындағы мүмкіндіктер талқыланды.

– Былтыр екі мемлекеттің осы саладағы тауар айналымы 10 пайызға артып, 300 миллион долларға жетті. Біздің елдеріміз үшін өнім көлемін ұлғайту, бірлескен кәсіпорындар ашу, ғылыми-зерттеу институттары арасында байланыс орнату өте маңызды. Осы орайда екі елдің Үкіметіне Жол картасын қабылдау туралы тапсырма берілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, қазақ инвесторлары қырғыз экономикасының маңызды секторларын дамытуға үлес қосып келеді. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қазақстан кәсіпкерлерінің қаржысына Ыстықкөл облысында күн энергиясы станциясын салу жоспарланғанын, сондай-ақ Жалал-Абад облысында ферроқорытпа зауытын салу жөнінде келіссөз жүріп жатқанын мысалға келтірді.

– Бірлескен кәсіпорындар тиімді жұмыс істеу үшін қолайлы жағдай жасауға келістік. Осы орайда бүгін Өзара инвестицияларды қорғау жөнінде келісімге қол қойылды. Оған өздеріңіз куә болдыңыздар. Сондай-ақ электронды үкімет жүйесін енгізуге және дамытуға уағдаластық. Экономиканы цифрландыру үшін тәжірибе алмасу және ақпарат саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы келістік. Екі ел арасындағы алыс-берісті жандандыру – маңызды міндеттің бірі. Осы орайда шекара арқылы жүк өткізу мүмкіндігін арттыру және оны рәсімдеуді жетілдіру үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Мысалы, еліміз "Қарасу", "Бесағаш", "Аухатты", "Сартөбе" "Айша бибі", "Сыпатай батыр", "Кеген" бекеттерін жаңғыртуға кірісті. Осы бекеттердің бәрінде цифрлық технология енгізіледі. Бұл ауқымды жұмысты 2028 жылға дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіру маңызды деп санайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу