Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында индустриалды сауда-логистикалық кешені салынады

755

Жамбыл облысының әкімдігі құрылысқа аумағы 39 гектар жер телімін бөлді, көлемі 100 гектар жер телімін қосымша бөлу туралы мәселе қарастырылуда.

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында индустриалды сауда-логистикалық кешені салынады

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Қордай ауданындағы "Қарасу" бақылау-өткізу бекетінде болып, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында бой көтеретін индустриалды сауда-логистикалық кешенінің жоспар-жобасымен танысты.

Аталған нысанның салынуы арадағы делдалдардың санын азайтуға, тұтынушылар үшін өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және жеткізу жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.

Аумақта қойма, өндіріс ғимараттары мен жүк тиеу алаңдары орналасады. Ең жақын өндірушілер – Қырғызстандағы Шу облысы мен Қазақстандағы Жамбыл облысының кәсіпорындары мен фермерлік шаруашылықтар. Ал басты тұтынушылары – Алматы, Бішкек пен Тараз қалалары.

– Еліміз бойынша мұндай бес нысан болады. Соның бірі осы Қордайдағы кешен десек, мұндағы құрылыс жұмыстары 2025 жылға дейін толығымен аяқталады деп жоспарлануда. Ол өз кезегінде транзиттік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Қазір сауда-логистикалық орталықтың басым бағыттары белгіленуде. Бұл өндіріс бәселестік артықшылықтары бар тауарларды шығару, ауылшаруашылық өнімдерін сақтау мен өңдеуге арналған орындарды құру, жеңіл өнеркәсіп саласында кооперациялық өндірісті дамыту, халықаралық тауар өндіру жүйе саласында логистикалық нысандар салу, – деді Серік Жұманғарин.

Айта кетейік, индустриалды сауда-логистикалық кешен "Қарасу" және "Ақ Тілек" өткізу пункттерінде салынады. Жамбыл облысының әкімдігі құрылысқа аумағы 39 гектар жер телімін бөлді, көлемі 100 гектар жер телімін қосымша бөлу туралы мәселе қарастырылуда.

Сондай-ақ жаңа кешеннің қызметтін реттеу туралы үкіметаралық келісім жобасы жасалған.

Кешен аумағында агроөнеркәсіптік өнімдер сақтау және өңдеу жоспарлануда. Бұдан бөлек, индустриалды сауда-логистикалық кешен ЕАЭО халықаралық тауар өндіру желілері жүйесінде өнеркәсіптік кооперацияны жүзеге асыратын болады. Логистикалық объектілер салынып, халықаралық тауар өткізу желілері жүйесіне одан әрі интеграцияланатын қызметтер құрылмақ.

Жоба аясында "Қарасу" бақылау-өткізу бекетінде жаңғырту жұмыстары жүзеге асады. Үлкен автотұрақ салу ісі биылдан қолға алына бастамақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу