Қазақстан мен Қырғызстан су мәселесі бойынша келісімге келді

352

Қазақстан мен Қырғызстан Жамбыл облысының суармалы жеріне су беру туралы келісімге келді.

Қазақстан мен Қырғызстан су мәселесі бойынша келісімге келді Фото: Министрлік

Бішкекте өткен кездесуде еліміздің мүддесін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қорғады. Келіссөздер қорытындысы бойынша Талас өзеніндегі "Түйте" каналы арқылы су беруді қалпына келтіру бойынша іс-шаралар атқару туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің Қырғыз Республикасының Ауыл шаруашылық министрі Асқарбек Жәнібековпен кездесуі кезінде Шу және Талас өзендеріндегі мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі бірлескен Комиссияға тиісті тапсырма берілді.

Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов елімізге су жіберуді жақсарту үшін мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы нысандарының тізбесін кеңейту қажеттігін атап өтті. Мәселен, қазақстандық тарап осы тізбеге Күркіресу өзеніндегі құрылыстарымен "Ақмолда", "Қаратақы" және "Төментамға" арналарын, Шу өзеніндегі "Колос" каналын және Талас өзеніндегі құрылыстарымен бірге "Кож" каналын енгізуді ұсынады.

"Өздеріңіз білетіндей, биыл Жамбыл облысының шаруалары Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде суармалы су тапшылығын сезінді. Сондықтан осындай жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін қырғыз әріптестерімізбен бірге Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде келесі вегетациялық кезеңді дұрыс жоспарлау бойынша жұмысты алдын ала жасау өте маңызды", – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Шу және Талас өзендерінде мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі бірлескен Комиссияның келесі отырысы 14 желтоқсанда Алматы қаласында өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Нұржан Нұржігітов өзбекстандық әріптестерімен кездесуде 1 сәуірге дейін Түркістан және Қызылорда облыстарына 11,1 текше шақырым су, оның ішінде Арал теңізіне 1,6 млрд текше метр су жіберу туралы келісімге келген болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу