Мәжіліс Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тиісті шартқа 2024 жылғы 19 сәуірде Астанада қол қойылды.
"Геосаяси тұрақсыздық жағдайында осы шартты ратификациялау саяси диалогты, қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылды дамыту, сондай-ақ екі мемлекеттің орнықты дамуы үшін берік негіз болады. Қырғыз тарапы ратификация рәсімдерін аяқтағаны туралы 2024 жылдың 17 желтоқсанында хабарлады", - деді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин.
Шарттың мақсаты – қазақ-қырғыз ынтымақтастығының кешенді дамуына қосымша серпін беру.
Құжатта саяси, әскери, сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, транзит-көлік, су-энергетика, білім беру, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту және екіжақты өзара іс-қимылды кешенді дамыту көзделеді.
Мәселен, Шарттың 2-бабында одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту мақсатында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Жоғары Мемлекетаралық Кеңесі қызметінің маңызды рөлі атап көрсетіледі.
"Бұған қоса, Шарттың 3-бабына сәйкес Тараптар парламентаралық байланыстарды, оның ішінде Қазақстан Республикасының Парламенті мен Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеші арасындағы ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық кеңес шеңберінде одан әрі дамытуды және нығайтуды қолдайды. Сонымен қатар, Тараптар терроризмді, экстремизмді және сепаратизмді, сондай-ақ трансұлттық ұйымдасқан қылмысты, киберқылмысты, заңсыз көші-қонды, адам саудасын, қару-жарақтың, есірткінің, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымын қоса алғанда, қауіпсіздіктің қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастықты кеңейтеді және тереңдетеді", - делінген Мәжіліс таратқан хабарламада.