Қазақстан мен Қытай ақпарат алмасады

1472

Заңсыз тауар айналымына тосқауыл қойылады.  

Қазақстан мен Қытай ақпарат алмасады

Сенатта мәжіліс мақұлдаған "Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай Халық Республикасының кедендік шекаралары арқылы өткізілетін тауарлар мен халықаралық тасымалдың көлік құралдары жөнінде ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы" заң қабылданды. 

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың сөзінше, көлік құралының барлық түріне қатысты ақпарат алмасу Еуразия экономикалық одағының және Қытайдың уәкілетті органының ақпараттық жүйесіне кіріккен жүйе арқылы электронды түрде атқарылады. 

"Бірінші кезеңде ерекше сұранысқа ие және қымбат тауарларды қарастырамыз. Олар ерекше тәуекел тобындағы тауар тізіміне енгізіледі. Іс барысында мұндай тауарлардың тізімі кеңейтіледі. Тараптар контрабанданың алдын алуды көздеп отыр", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, келісім тараптарға нақты міндет жүктейді. 

"Келісім күшіне енгеннен кейінгі 18 айдан кем емес уақытта деректердің құрылымы мен форматын айқындайтын жеке хаттама толтырылады және ақпарат алмасудың техникалық шарттары белгіленеді. Хаттама еуразия экономикалық одағына мүше-мемлекеттердің орталық кеден органдары және Қытайдың бас кеден басқармасының арасында рәсімделеді. Құжат ратификациялауды талап етпейді, – деді қаржы министрі.

Ерұлан Жамаубаевтың түсіндіруінше, ақпарат алмасу кеден операцияларын оңайлатып, түрлі тәуекелдерді төмендетеді. Сонымен қатар заңсыз тауар айналымына тосқауыл болады. 

"Жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен қаржы қарастырылмайды", – деді қаржы министрі.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу