Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге келісті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тиісті келісім Бейжің қаласында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті мен Қытайдың Азаматтық авиация басқармасы (CAAC) арасында өткен келіссөздер барысында жасалды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің әуе тасымалдаушылары үшін тұрақты жолаушылар рейстерінің саны аптасына 124-тен 152 рейске дейін ұлғайтылатын болды. Сонымен қатар, Қазақстанға рейстерді жүзеге асыруға рұқсат етілген Қытай қалаларының тізімі 11 қалаға дейін кеңейіп, оған Қытайдың ірі көлік-логистикалық және өнеркәсіптік орталықтарының бірі – Чунцин қаласы енгізілді.
Тараптар сондай-ақ Астана мен Шанхай қалалары арасында, оның ішінде қытайлық әуе компаниялары орындайтын тікелей рейстерді ашу мүмкіндігін талқылады. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Қытай арасында үшінші халықаралық әуе дәлізін құру мәселесі қарастырылды. Бұл бастама әуе кеңістігінің өткізу қабілетін арттыруға, ұшу бағыттарын оңтайландыруға және қолданыстағы әуе трассаларына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында қазақстандық әуе компанияларына Қытай әуежайларында слоттар бөлу, Қытайдың әуе кеңістігін пайдалану, сондай-ақ азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ведомствоаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері де талқыланды.
Келіссөздер қорытындысында тараптар азаматтық авиация саласындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға, әуе қатынасын кеңейтуге, көлік байланысын дамытуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті ілгерілетуге бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.