Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемі келісілді

Экспорт 25%, яғни 16,2 млн тоннаға дейін, импорт 6%, яғни 10,6 млн тоннаға дейін өседі.

Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемі келісілді Фото: inbusiness.kz

Шымкент қаласында ҚР мен ҚХР шекаралық темір жолдары аралас комиссияларының 32-ші кезекті отырысының хаттамасына қол қойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі "Қазақстан темір жолы" ҰК" баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Кеңесте 2023 жылдың 8 айында Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк және контейнерлік тасымалдар қорытындылары шығарылып, 2022 жылдың деңгейіне 3,6 млн тонна өсімімен 26,8 млн тонна жүк деңгейінде жыл соңына дейін тасымалдау көлемін сөзсіз орындау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. 

Экспорт 25%, яғни 16,2 млн тоннаға дейін, импорт 6%, яғни 10,6 млн тоннаға дейін өседі.

Кеңесте ҚР және ҚХР теміржол әкімшіліктерінің өкілдері 2024 жылға 27,8 млн тонна жүк тасымалдау көлемімен келісті, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 1 млн тоннаға артық. 

"2024 жылғы қаңтардан бастап қытайлық тарап "Алашаңқай" станциясы бойынша астық тасығыштарда, жабық вагондарда және контейнерлерде астық жүктерін қабылдауды екі есе арттырады. Қазақстандық тарап өтініші бойынша ҚХР алғаш рет ""Қорғас станциясы бойынша астық тасығыштар мен жабық вагондарда астық жүктерін қабылдауды бастайды. Сондай-ақ, қазақстандық экспорттаушылардың тілектерін ескере отырып, өсімдік майлары, металл кендері (түйіршіктер, концентраттар), мұнай коксы сияқты жүктерді қабылдау ұлғаяды", – деп жазылған хабарламада. 

Сондай-ақ, тараптар "Достық – Мойынты", "Алашаңқай – Джинхэ" шекара маңы станциялары мен учаскелерінің өткізу қабілетін кеңейту, терминалдарды салу және жаңғырту жөніндегі іс-шаралардың орындалу барысын талқылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу