Бейжің қаласында Халықаралық автомобиль тасымалдары жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен комитетінің отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстандық делегацияны ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы бастап барды. Делегация құрамында Мемлекеттік кірістер комитеті мен "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының өкілдері де болды.
Кездесу барысында халықаралық автомобиль тасымалдарын дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, рұқсат беру жүйесін жетілдіру, шекара маңы инфрақұрылымын дамыту және жолаушылар тасымалы бағыттарын кеңейту мәселелеріне назар аударылды.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар жыл соңына дейін шетелдік рұқсат бланкілерін сандық шектеусіз беру форматына көшуге келісті.
Сонымен қатар "Нұр Жолы" өткізу пунктінің өткізу қабілетін арттыру мәселелері қаралды. Бұдан бөлек, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін WeChat Pay сервисі арқылы ақылы автомобиль жолдарында жол жүру ақысын төлеу мүмкіндігін іске қосу жоспарланып отыр.
Тараптар халықаралық автомобиль тасымалдары саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендерін жеткізді.