Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапарының екінші күні премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бастаған Қазақстан делегациясы ҚХР Коммерция министрі Чжун Шанмен кездесті.
Онда инвестициялық ынтымақтастық пен Қазақстан бидайын жеткізу квотасын арттыру мәселесі қаралды, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобаларын инвестициялау және Қазақстан азық-түлігін Қытайға экспорттау жөніндегі ҚХР Халықаралық сауда-саттыққа атсалысу комитеті өкілдерімен келіссөз жүргізілді.
Айта кетейік, Асқар Мырзахметов бастаған делегация құрамында ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, өңірлердің салалық басқармаларының, "ҚазАгро" холдингі мен еншілес ұйымдарының басшылары, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы қызметкерлері және ауыл шаруашылығы қауымдастықтарының жетекшілері мен жеке кәсіпкерлер бар.
Сапардың басты мақсаты – мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты Қазақстан халқына жолдауындағы АӨК-ке шетелден инвестиция тарту мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты жөнінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру және екі жақты тиімді келісімдерге қол жеткізу.
Бұған дейін делегация мүшелері ҚХР Сапаны қадағалау, инспекция және карантин жөніндегі бас басқармасы мен ҚХР Ауыл шаруашылығы министрлігі және Қытайдың бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесіп, екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты арттырудың жаңа жолы талқыланды және күн тәртібінде тұрған бірқатар мәселе шешілді.