ҚР АШМ-де ҚХР-мен аграрлық метрология, стандарттар жүйесін өзара тану және ақпараттық технологияларды енгізу салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Кездесу "Бір белдеу – бір жол" бастамасы аясында екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мақсатында өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесуге ҚР АШМ АӨК-дегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков, сондай-ақ Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының өкілдері қатысты.
Қытай делегациясының құрамында ШҰАР Нарықты қадағалау және басқару бюросы бас директорының орынбасары Чжу Синь, Шыңжаң метрология және сынақ институтының, Сапа инфрақұрылымын дамыту институтының, EAVISION Robotic Technologies компаниясының, "SUNKAR EAVISION" ЖШС-нің қызметкерлері болды.
Келіссөздер барысында тараптар қауіпті зиянкестердің, соның ішінде үйірлі шегірткелердің таралуына жол бермеу бойынша жүйелі жұмыстарға ерекше назар аударды. Бұл бағыттағы шаралар екі ел аумағында да, шекара маңы өңірлерінде де жүзеге асырылуда.
Ауыл шаруашылығы алқаптарын жедел мониторингтеуге және нысаналы өңдеу жүргізуге мүмкіндік беретін ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану мәселелері қаралды.
Кездесу аясында қатысушылар трансшекаралық зиянкестер мониторингі саласындағы қазіргі жағдай туралы ақпарат алмасып, дрондарды қолданудың практикалық қырларын, сондай-ақ өлшеу, сынақ жүргізу және қолданылатын жабдықтың тиімділігін бағалау мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелері бірлескен күш-жігерді үйлестіруді талап ететінін атап өтті. Тиімді мониторинг, деректермен жедел алмасу және озық технологияларды енгізу аграрлық сектордың тұрақты дамуы мен ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғаудың негізгі шарттары болып табылады.
Қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан мен Қытай арасындағы әріптестік ұлттық және өңірлік деңгейде фитосанитариялық қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ететінін растайды.