Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығында су ресурстарын тиімді пайдалану және тұрақты даму мәселелеріне арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев су мәселесінің жаһандық сипат алғанын айтып, оны шешу үшін мемлекеттердің бірлескен іс-қимылы қажет екенін атап өтті.
"Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ШЫҰ аясында су талдау орталығын және БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамалары су проблемаларына ортақ шешім іздеуге мүмкіндік береді", – деді елші.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытайдың су саласындағы қалыптасқан тәжірибесі екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге шығаруға негіз бола алады.
"Өзара сенім мен тату көршілікке сүйене отырып, ғылым мен технологияның заманауи жетістіктерін пайдаланып, су саласындағы ынтымақтастықтың жаңа моделін бірге қалыптастыруға мүмкіндік мол", – деді Шахрат Нұрышев.
Дөңгелек үстелде қазақстандық мамандар еліміздің халықаралық бастамаларын таныстырды. Сонымен қатар трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану, климаттың өзгеруі жағдайындағы су қауіпсіздігі және су ресурстарын тұрақты басқару мәселелері талқыланды.
Қытайлық сарапшылар су үнемдеу технологияларын енгізу тәжірибесімен бөлісті. Олар Қазақстанмен осы бағыттағы практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді.
"Қазақстанды қоса алғанда, халықаралық серіктестермен су үнемдейтін суару жүйелері, цифрландыру, қайта өңделген суды пайдалану және құрғақшылықты бақылау бағыттарында нақты жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз", – деді Қытай су ресурстары және гидроэнергетика академиясы Су ресурстары институты директорының орынбасары Хе Фань.