Кездесуде Қазақстан мен Қытай мамандары өсімдік ауруларына, шегіртке және басқа да ауыл шаруашылығы зиянкестеріне қарсы өткізілген іс-шаралар мен алдағы жылға жоспарланған шаралар туралы ақпаратпен алмасты, деп хабарлады АШМ баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, екі ел арасындағы өзара іс-қимыл әрекеттері мен одан әрі ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланған.
"Жиын барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының м.а. Алмабек Марс Қазақстанда 2019 жылы шегірткемен күрес жүргізу мақсатында 205,6 мың гектар жердің өңделгені туралы айтты. Сонымен қатар, алдағы 2020 жылы болжам бойынша, аталмыш зиянкестердің жалпы көлемі 553,9 мың гектар жерге дейін таралуы мүмкін екенін жеткізді",– делінген хабарламада.
ҚХР Ауыл шаруашылығы министрлігі Өсімдіктерді қорғау департаментінің директоры Чжу Енлин аса қауіпті зиянды организмдермен күресудегі жаңа әдістері туралы айтып, қазіргі уақытта Қытай елінде шегіртке зиянкестеріне қарсы іс-шаралардың келесі маусымына дайындалып жатқанын хабарлады.
Екі ел министрліктері өкілдерінің уақытылы әрі бірлесе өткізген іс-шаралардың арқасында ҚР мен ҚХР шектес аумақтарында аса қауіпті зиянкестердің таралуына жол берілмегені айтылды.
"Жиын қорытындысы бойынша, тараптар 2020 жылға арналған мемлекеттердің шекара маңындағы аумақтарында шегірткенің таралуының алдын алу бойынша міндеттерді айқындайтын ынтымақтастық жөніндегі бірлескен хаттамаға қол қойды. Сондай-ақ, техникалық сарапшылардың өзара пікір алмасуы мен пестицидтерді тіркеу және зиянды организмдермен күрестің биологиялық әдістерін қолдану бойынша тәжірибе алмасу туралы келісімдерге қол жеткізілді",– делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, Қазақстан мен Қытай министрліктері арасында өсімдік карантині саласында келісімге қол қою ұсынылды.