ҚР мәдениет және спорт министрлігінің Қытай халық республикасының басылым, кино, радио, телевизия мәселелері бойынша мемлекеттік әкімшілігімен бірлескен киноөндіріс туралы үкіметаралық келісімге қол қою аясында тұңғыш Қазақстан-Қытай бірлескен "Композитор" киножобасы таныстырылды. Бұл жобаның өндіріс жұмыстарын Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы мен қытайлық "Shineworks Pictures" және "China film coproduction corporation" компаниялары бірлесіп атқарады, деп хабарлайды kazakhfilmstudios.kz.
Бірлескен киножобаның түсірілімі туралы уағдаластық 2015 жылдың 26 қыркүйегінде Қытайдың Фучжоу қаласындағы "Жібек жолы" атты екінші халықаралық кинофестивалінің бірлескен өнім форумында жасалған болатын. 2016 жылы 2 қарашада "Қазақфильм" АҚ мен Shineworks Pictures қытай кинокомпаниясының ынтымақтастық туралы жұмыс атауы "Композитор" атты көркем фильмін бірлесіп өндіру, қаржыландыру, және бірлесіп пайдалану туралы келісімге қол қойды. 2016 жылдың желтоқсанында фильм дайындық кезеңіне өтті. Фильмнің басым бөлігі Қазақстанда түсіріледі. 2017 жылдың мамырында аталған жобаны жүзеге асыруға байланысты "Қазақфильм" АҚ мен Shineworks Pictures және China film coproduction corporation атты Қытай кинокомпанияларының арасында үшжақты келісім жасалды.
Презентация барысында вице-президент Қазақстан тарапынан жобаға қатысатын түсірілім тобы мүшелерін таныстырды. Фильмнің екінші режиссері және қоюшы суретшісі Сәбит Құрманбеков. Картинаның желілік продюсерлері – Серік Ибраев және Зарина Кисикова. Фильмге отандық танымал актерлер – Берік Айтжанов пен Алтынай Нөгербек шақырылған.
"Композитор" фильмінің режиссері Шеризат Яқұб өз кезегінде былай деді: "Біз Қазақстан кинематографистерімен бірлесіп жұмыс істейтінімізге қуаныштымыз. Си Синхайдың образын еліміздің танымал актері Ху Джун сомдайтын болады".