Астана экономикалық форумы аясында "ҚТЖ" ҰК" АҚ еншілес кәсіпорны "KTZ Express" АҚ менChengdu International Railway service Co., Ltd.арасында стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Келісімнің мақсаты - Қытайдан Қазақстан аумағы арқылы Орталық Азия, Иран, Түркия, Еуропаға, Вьетнамға шығатын тұрақты халықаралық контейнерлік пойыздарды ұйымдастыру болып табылады. Ол бағдарларға Алтынкөл станциясы мен "Қорғас-Шығыс қақпасы" АЭА Құрғақ портының инфрақұрылымдық нысандары қызмет көрсетеді.
Оның сыртында сапалы көліктік- логистикалық қызметті ұйымдастыруды дамыту мақсатында аймақтық жүктерді шоғырландыру орталықтарын жасақтау көзделеді. Мұндай орталықтарды Қытай, Корея, Жапониядан шығатын жүктер үшін Ченду (ҚХР) қаласында, Қазақстан, Орталық Азия, Түркия, Иран бағдарына "Қорғас-Шығыс қақпасы" АЭА Құрғақ портында жасақталатын болады. Сонымен қатар келісім бойынша Қытайдан шығып Қазақстан аумағы арқылы Каспий теңізі айдынына, Әзірбайжан, Грузия, Түркия, Украина одан әрі Еуропаға шығатын Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту көзделеді.