Қазақстан мен Қытайдың кедендік әкімшілік мәліметтері неге бірдей емес

849

Қытай Қазақстан аумағы арқылы тасымалдайтын жүктерге қатысты мәліметтерді Қазақстанға жасалған экспорт деп қарайды екен.

Қазақстан мен Қытайдың кедендік әкімшілік мәліметтері неге бірдей емес

ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің төраға орынбасарының міндетін атқарушы Қуат Рахымов Қазақстан мен Қытайдың кедендік әкімшілік мәліметтері неліктен екі бөлек екенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Иә, 2017 жылы Қытай Халық Республикасымен айналы статистиканың  ара-жігі 7 млрд долларды құраған еді. Біз өткен жылдың соңында да, осы жылы да бірнеше рет Қытайға барып, әріптестерімізбен кездестік. Әлбетте, неліктен осыншама айырмашылық барын іздедік. Егер 7 млрд туралы айтар болсақ, бұл сома шынында да, өте ауқымды сан", – дейді Қуат Рахымов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуына қарағанда, кездесу барысында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері қытайлық тараптың әдістемесін білмек болған.

"Біздің анықтағанымыздай, олар Қазақстан аумағы арқылы тасымалдайтын жүктердің бәрін, яғни Еуроодақ елдеріне, Ресейге, Беларусь елдеріне жіберілетін тауарлардың бәріне қатысты мәліметтерді – Қазақстанға жасалған экспорт деп қарайды екен. Әлбетте, бұл ретте бізде ешқандай кемшілік жоқ деп айтып отырған жоқпын. Әрине, шындыққа сай келмейтін декларацияға, бағаны қадағалау тұрғысынан сұрақтар бар. Мәселен, жыл басынан бері Қазақстан – Қытай шекарасындағы тауарларға маңыз беріп келеміз. Шекарадағы қадағалау қызметін күшейттік. Көптеген жүктерді тексеріп жатырмыз. Пост-кеңестік аудитке қатысты сұрақтар туындаған 60 компанияны анықтадық", – дейді ол.

Қуат Рахымов атап өткендей, 2019 жылдың бірінші тоқсанында 1700 тонна тауардың күмәнді декларацияланғаны анықталған.

Еске сала кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Nur Otan" партиясының кезекті XVIII съезінде кедендік әкімшілікті қатаң бақылауға алуды тапсырған болатын.

"Мәселен, кедендік әкімшілік бойынша бізде бір мәлімет бар да, Қытай тарапында одан бөлек екінші мәлімет айтылып жатады. Ол көрсеткіштердің арасында миллиардтар жатыр. Ешкім ештеңе білмейді. Сұрасаң, қайдағы бір бастықтар кеденді ұстап тұр дейді. Оларды ұстап, қылмыстық жауапкершілікке тартыңдар. Ол жақтағы жұмысты ретке келтіре отырып, біз бірнеше жүз млрд теңге ала аламыз. Сол секілді, басқа бюджеттік шығындарды қысқарту керек болар. Мемлекеттік сатылымға 4 трлн теңге кетіп жатыр. Бәрі де бір жерден берілуде. Осы бағытта жұмысты реттей бастап едік, қаражат түсе бастады. Мемлекеттік сатылымды толығымен бәсекелі ортаға беруіміз керек. Қымбат әрі жайсыз нысандарды қаржыландыруды қою керек. Бюджетті құрар кезде "жобалық-сметалық құжатым бар, маған ақша бер", - деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу