Алматыда Қытайдың Цзянсу провинциясынан келген делегациясы, кәсіпкерлер және мемлекеттік органдары өкілдерінің қатысуымен Сауда-өнеркәсіптік ынтымақтастық жөніндегі конференция өтті.
"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амрин екі ел арасындағы стратегиялық қатынастарды атап өтті.
"Бүгін біз қытайлық әріптестерімізбен жақынырақ өзара іс-қимыл мәселелерін талқылау үшін кездестік. Өйткені Ұлттық палата отандық бизнес пен Цзянсу провинциясының бизнесіне байланыс орнату бойынша жәрдемдесу мүмкіндігіне ие. Осылайша қазақстандық кәсіпкерлер Қытайдан нақты инвестициялық серіктестер тауып, перспективалы жобаларды бірлесіп жүзеге асыра алады", – деді спикер.
Кездесуде "Бір белдеу – бір жол" бірлескен құрылысы жобасы атап өтілді. Палата төрағасының орынбасары биыл жобаға 10 жыл толатынын еске салды.
Елімізде өңдеу өнеркәсібін қолдау мақсатында шетелдік және отандық инвесторлар үшін алғашқы үш жылда салықтар мен басқа да міндетті төлемдерден босату ұсынылды.
Бірлескен жұмыс екі жақты тауар айналымына оң әсер етті. Мәселен, 2023 жылдың 7 айында Цзянсу провинциясы мен Қазақстан арасындағы импорт пен экспорттың жалпы көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,2%-ға ұлғайып, 720 млн долларды құрады. Елдер арасындағы сауда айналымы 2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда 34% - ға өсті. Экспорт 13,2 млрд долларды, импорт 10,9 млрд долларды құрады.
Цзянсу провинциясының коммерция департаментінің бас директоры Чэнь Тао Қазақстан кәсіпкерлерімен тығыз ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, Цзянсуда тұз, күкірт, фосфаттар және мәрмәрді өндіру және өңдеу дамыған. Мұнда жеңіл, негізінен тоқыма, өнеркәсіптің дәстүрлі салалары, сондай-ақ металлургия, машина жасау жолға қойылған.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров өткен жылы Қазақстан мен Қытай дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын атап өткенін еске салды.
"Мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары экономикалық қарым-қатынастарымызды одан әрі нығайтуға және дамытуға серпін берді. Біз Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының жаңа алтын 30 жылдығының қарсаңындамыз. Алматы еліміздің ірі экономикасы ретінде Қазақстан нарығында қытай инвесторларының жолсерігі болуға дайын", – деп атап өтті Әлішер Әбдіқадыров.
Алматы қаласының үлесіне ЖІӨ-нің бестен бір бөлігі және Қазақстан Республикасы бюджетінің барлық кірістерінің төрттен бірінен астамы тиесілі. Fitch Ratings агенттігі 2022 жылғы желтоқсанда Алматының ұзақ мерзімді кредиттік рейтингін "Тұрақты" болжамымен "BBB" деңгейінде растады.
"Бүгінде қалада қытай капиталының қатысуымен бір жарым мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылдың қыркүйегінде біз Алматы қаласын дамыту бағдарламасын қабылдадық. Бүгінде қытайлық серіктестермен жаңа автомобиль зауытын салу, газға көшіру арқылы ЖЭО-2 жаңғырту, электроника және аспап жасау сияқты жобалар іске асырылып жатыр", – деді Әлішер Әбдіқадыров.
Сондай-ақ, әкім орынбасарының айтуынша, 2023 жыл – туризм жылы, осыған байланысты Қытай азаматтары Қазақстанда 14 күнге дейін визасыз бола алады.
Конференцияда Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдің өнеркәсіптік мүмкіндіктері және Цзянсу провинциясымен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға дайындығы туралы айтты. Конференция соңында Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылып, сондай-ақ В2В форматындағы кездесулер өтті, онда 130 млн долларға келісімшарттар жасалды.