Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек халықаралық Lightspeed Venture Partners венчурлік қорының серіктестерімен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тараптар технологиялық инновациялар, жоғары білім және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
Кездесу барысында министр Қазақстанның ғылым мен жоғары білім саласындағы басым бағыттарын таныстырып, нысаналы білім беру гранттары жүйесі мен халықаралық Astana Hub стартаптар технопаркінің қызметі туралы айтты. Сондай-ақ мемлекет жастардың жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
Өз кезегінде Lightspeed Venture Partners өкілдері қордың қызметі, серіктес елдерінің географиясы және әлемдік нарықтағы негізгі бағыттары туралы ақпарат берді. Олар Қазақстанның жоғары даму қарқынын атап өтіп, елімізбен ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытты.
Кездесу қорытындысында тараптар бірлескен жұмысты жалғастырып, технологиялық инновациялар мен жоғары білім салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді. Шетелдік серіктестер Қазақстанның халықаралық әріптестікке ашық екенін атап өтіп, елімізде жасанды интеллект технологияларын дамытуға қолайлы жағдай қалыптасқанын және осы бағыттағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға зор мүмкіндік бар екенін жеткізді.