Қазақстан мен Литва қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсететін болады

371

Құжат екі елдің заңды және жеке тұлғаларының құқықтарын қорғауға бағытталған. 

Қазақстан мен Литва қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсететін болады Фото: www.everypixel.com

Сенат "1994 жылғы 9 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасының арасындағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сенат депутаты Мұрат Қадырбектің дерегінше, хаттамаға 2022 жылғы 31 тамызда Вильнюс қаласында қол қойылды. Шарт 1998 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан заңымен ратификацияланған.

"Аталмыш шарт азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсетудің, құқықтық қарым-қатынас жасаудың тәртібін айқындап, екі елдің заңды және жеке тұлғаларының құқықтарын қорғауға бағытталған. Қаралып отырған Хаттамамен Шарттың 4-бабын жаңа редакцияда жазу ұсынылады. Шарттың қолданыстағы 4-бабына сәйкес құқықтық көмек көрсету саласында Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы бір-бірімен екі елдің Әділет министрлігі және Бас прокуратурасы арқылы ынтымақтастықты жүзеге асырып келді", - деді ол.

Алайда шарт тараптарының ұлттық заңнамасы, мемлекеттік органдардың құзыреті, олардың атаулары өзгеріп отырады, деп жалғастырды сенатор.

"Атап айтқанда, Қазақстанның қылмыстық процестік және азаматтық процестік заңнамаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес, қазақстандық және шетел соттарының тапсырмаларын орындау, жеке және заңды тұлғалардың құқықтық көмек көрсету жөніндегі өтініштерін қарау функциясы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына берілді. Тиісінше аталған функцияларды Жоғарғы Сот жүзеге асырады. 4-бапқа енгізіліп отырған өзгеріске сәйкес, Шарт аясында құқықтық көмек көрсету кезінде уағдаласушы тараптар тағайындалған орталық органдары, олардың функциялары мен байланыс деректері туралы бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етуге міндеттеледі. Мысалы, Қазақстан Республикасы Шарттың 4-бабында қарастырылған өзгерістер пайда болған жағдайда Литва Республикасын дереу хабардар етуге міндетті", - деді Сенат депутаты Мұрат Қадырбек.

Оның дерегінше, Қазақстан алыс және жақын шетел мемлекеттерімен азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы 17 халықаралық шартты ратификациялаған. Оның ішінде: 15-і екіжақты, 2-уі көпжақты шарттар.

"Ресми мәліметтерге сәйкес, 2020-23 жылдары аралығында құқықтық көмек көрсету бойынша екі ел арасында 225 өтініш түсіп, сұрау жіберілді, соның ішінде Литва тарапынан – 90, Қазақстан тарапынан – 135. Екіжақты сұраныстардың барлығы орындалған", - деді сенатор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу