Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Малайзиядағы Sunway University президенті әрі вице-канцлері Поппема Сибрандеспен екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесу барысында тараптар Ақтау қаласында Sunway University филиалын ашу перспективаларын, сондай-ақ жоғары білім мен ғылым салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Министр Саясат Нұрбек Қазақстанның жоғары білім жүйесін интернационалдандыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы айтып, шетелдік студенттерді тарту және әлемнің жетекші университеттерінің филиалдарын ашу бойынша қолға алынған бастамалар жөнінде ақпарат берді.
Өз кезегінде Поппема Сибрандес оқу орнының негізгі жетістіктері мен даму стратегиясын таныстырды. Оның айтуынша, университет түлектері еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие және бұл көрсеткіш бойынша оқу орны Малайзиядағы жетекші жоғары оқу орындарының қатарында. Сондай-ақ ол 2030 жылға дейін университеттің академиялық беделін нығайтып, халықаралық деңгейдегі ықпалын арттыру жоспарын мәлімдеді.
Кездесу қорытындысында тараптар жоғары білім, ғылым және академиялық ұтқырлық бағыттарындағы әріптестікті одан әрі дамытуға өзара қызығушылық танытатынын растады.
Тараптардың пікірінше, жүргізілген келіссөздер Қазақстан мен Малайзия арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға ықпал етіп, жаңа білім беру және ғылыми жобаларды іске асыруға жол ашады.