Қазақстан астанасында ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Мажарстан сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Петер Сийяртомен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қ.Әбдірахмановтың хабарлауынша, тараптар бірлескен білім гранттарының санын көбейтуге қол жеткізді.
"Арадағы ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі - білім беру. Биылғы наурыз айында қол қойылған хаттама екі елдің ЖОО-ларындағы бірлескен гранттар көлемін 45-тен 200-ге дейін арттыруға мүмкіндік берді. Бұл шешім үшін мажарстандық тарапқа алғыс білдіреміз. Қазіргі уақытта Қазақстан-Мажарстан экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссиясының, Қазақстан-Мажарстан іскерлік кеңесінің және елордамыздағы мажарстандық сауда үйі әлеуетін пайдалану қажеттігіне ерекше назар аударып отырмыз", - деді ҚР СІМ басшысы.
Өз кезегінде, Петер Сийярто өз елінің Орталық Азия аймағында ынтымақтастық орнатқысы келетінін жеткізді.
"Менің мұнда келуімнің басты себебі - Мажарстан 1 шілдеден бастап, құрамына Польша, Чехия, Словакия және Мажарстан кіретін орталық-шығыс одағына басшылық етеді. Бұл аралықта Орталық Еуропа мен Орталық Азия арасында тығыз ынтымақтастық орнатқымыз келеді, - деді ол. - Біздің ойымызша, Орталық Еуропа мен Орталық Азия арасында орнаған тығыз ынтымақтастық екі аймаққа да пайдасын тигізеді. Құрлықтың батыс және шығыс бөлігі тығыз қарым-қатынас орнатқанда ғана, Еуропа өзінің бәсекеге қабілеттілігін қайтара алады".
Мажарстан - Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық серіктесі. Екі ел арасында Қазақстан-Мажарстан стратегиялық кеңесі, Қазақстан-Мажарстан экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссиясы, Іскерлік кеңес және Қазақстан-Мажарстан тікелей инвестициялар қоры жұмыс істейді.