Бұл бастама цифрлық экономиканы жаңа деңгейге көтеріп, Қазақстаннан тыс елдердің де мамандарын тартатын орталыққа айналады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Alem.AI ғылым, өнеркәсіп, креативті индустрия және мемлекеттік қызмет көрсету салаларында технологияларды жетілдіруді көздейді. Орталық ұлттық ЖИ экожүйесін қалыптастырып, инвестиция тартуға, стартаптар мен зерттеу қызметтерін қолдауға мүмкіндік береді.
Жоба аясында 2029 жылға қарай отандық ЖИ шешімдерінің экспорт көлемін 5 миллиард долларға жеткізу жоспарланған. Бұл қадам жаңа технологиялардың пайда болуына, экономикалық өсімге ықпал етіп, Астананы Орталық Азиядағы ЖИ саласының жетекші орталығына айналдыруға септігін тигізеді.
Сонымен қатар жыл сайын түрлі салада көзге түскен 10 мың дарынды жасты қолдау, 1 мыңға жуық маманды оқыту, 100-ге тарта стартапты іске қосу және 10-нан астам ғылыми зерттеу жүргізу көзделген.
Халықаралық орталық құрамында Tomorrow School жасанды интеллект мектебі, TUMO креативті технологиялар орталығы, стартап-кампус, ғылыми-зерттеу зертханалары және GovTech шешімдерін әзірлеуге арналған AI-driven Government аймағы бар.