Астана мен Будапешт байланысы: сауда мен мәдени ықпалдастық тереңдеуде

194

Мемлекет басшысы Астана мен Будапешт арасындағы тығыз әрі сенімді қарым-қатынас ғасырлар қойнауынан тамыр тартатынын және өзара құрметке негізделгенін атап өтті.

Астана мен Будапешт байланысы: сауда мен мәдени ықпалдастық тереңдеуде Фото: akorda.kz

Қазақстан Президенті өткен жылы Мажарстанға жасаған сапары бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылуымен ерекшеленгенін жеткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бұл екі ел арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық пен бауырластық байланыстарды нығайту үшін жаңа перспективаға жол ашты.

Мемлекет басшысының айтуынша, екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастардың берік негізі мен зор әлеуеті бар.

– Былтыр тауар айналымы шамамен 200 миллион долларға жеткенін, ал биылғы сегіз айда 22 пайыз өскенін (164,5 миллион доллар) ерекше ықыласпен атап өткім келеді. Бүгінде Қазақстан экономикасына 400 миллион долларға жуық инвестиция салған 35-тен аса мажар компаниясы жұмыс істеп жатыр. Біз қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия, денсаулық сақтау, логистика мен қаржы салаларында 607 миллион долларға бағаланатын 20 бірлескен жобаны іске асырып жатырмыз, – деді Қазақстан Президенті.

Тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелеріне мән берді. Халықтарымыздың тарихи жақындығы мен бауырластығының дәлелі ретінде 2023 жылы Астана көшелерінің біріне көрнекті мажар ақыны Шандор Петефидің есімі берілген болатын.

Президент жыл сайын еліміздің 250 студенті мажар университеттерінде оқитынына тоқталып, білім алмасудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар отандық жоғары оқу орындары да мажарлық студенттер мен зерттеушілерді көптеп қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу