Қазақстан мен Моңғолия агроөнеркәсіптік кешен саласында ынтымақтастықты күшейтуде

94

Кездесу соңында тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға және қол жеткізілген келісімдерді одан әрі іске асыруға дайын екендерін жеткізді.

Қазақстан мен Моңғолия агроөнеркәсіптік кешен саласында ынтымақтастықты күшейтуде Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Моңғолияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Доржийн Баярхуумен кездесіп, тараптар агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) саласындағы ыпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты.

"Мемлекет басшысының 2024 жылы Моңғолияға жасаған сапары екіжақты ықпалдастыққа жаңа серпін берді. Келіссөздер қорытындысында тері мен жүнді өңдеу бағытындағы ынтымақтастық және ветеринария бағыты бойынша екі маңызды меморандумға қол қойылды. Бұл елдеріміздің ауыл шаруашылығы саласында әріптестікті күшейтуге өзара ынталы екендігінің жарқын көрсеткіші", – деп атап өтті Айдарбек Сапаров. Сондай-ақ өткен жылы өзара сауда көлемі 32%-ға артып, 30 млн АҚШ долларын құрағанын алға тарта келіп, бұл экономикалық байланыстың қарқынды дамуын көрсететінін айтты.

Кездесу иелері тауар айналымын одан әрі ұлғайту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жеткізілімін әртараптандыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Екіжақты өзара іс-қимыл аясында ветеринариялық қызметтер Қазақстаннан асыл тұқымды ірі қара мал, тағамдық жұмыртқа, құс етін, сондай-ақ тауарлық және асыл тұқымды қой мен ешкіні экспорттауға арналған ветеринариялық сертификаттарды келісіп, бекітті.

Қазіргі уақытта Моңғолиядан Қазақстанға кашемир ешкілерін импорттау бастамасы пысықталуда. Эпизоотиялық ахуалды зерделеу және ынтымақтастықтың ветеринариялық қырларын жан-жақты қарастыру мақсатында Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің өкілдері Моңғолияда инспекциялық сапарда жүр.

Өз кезегінде Доржийн Баярхуу аграрлық салада Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделілік білдіріп, сауда көлемін арттыру, мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы кооперацияны дамыту және ветеринариялық өзара іс-қимылды нығайту үшін айтарлықтай әлеует бар екенін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу