6-7 наурызда Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық теннис орталығында Дэвис Кубогінің іріктеу кезеңі өтеді. Қазақстан құрамасы Нидерланд құрамасымен кездеседі, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Ел намысын Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев, Александр Недовесов және Дмитрий Попко қорғайды. Оларға Уэсли Кулхоф, Жан-Жульен Ройер, Робин Хаасе, Таллон Грикспур, Ботик ван де Зандшульп қарсы тұрады.
Спорттық турнирдің бағдарламасына сәйкес, 29 ақпан сағат 14:00-де "Mega Silk Way" сауда орталығында жанкүйерлермен кездесу өтеді. Шара барысында балаларға арналған шеберлік сабағы ұйымдастырылады.
3 наурыз сағат 12:30-да Нидерланд құрамасының, ал сағат 13:15-те Қазақстан құрамасының қатысуымен баспасөз конференциясы өтеді.
Жеребе тарту 5 наурызға жоспарланған.
6 наурызда турнирдің салтанатты ашылу рәсімінен кейін 14:00-де матч басталады.
7 наурызда қос команданың кездесуі сағат 12:00-де жалғасады.
Айта кетсек, Дэвис Кубогі жүз жылдан астам тарихы бар ерлер теннисіндегі ірі халықаралық командалық жарыс болып табылады. Ол 1900 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Кубоктің қазіргі иегері – Испания құрама командасы.
Қазақстан ерлер құрамасы осы беделді турнирдің ширек финалына бірнеше рет шықты. Былтыр Португалия командасын жеңгеннен кейін, құрама 18-24 қарашада жаңа форматта Мадридте өткен Дэвис Кубогінің финалдық кезеңіне өтті. Испания астанасында Қазақстан құрамасы бірінші ойын күні Нидерланд командасын 2:1 есебімен жеңді, бірақ Ұлыбританиядан 1:2 есебімен ұтылып, плей-оффқа шыға алмады.