Қазақстан Республикасының Оман Сұлтандығындағы Елшісі А.Тұматов Оман Сыртқы істер министрлігінің Орталық Азия департаментінің директоры Ахмад Әл-Маскаримен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесудің негізгі мақсаты – алдағы кезеңде екіжақты ынтымақтастықты жандандыру және бірлескен іс-қимылдарды үйлестіру.
Тараптар ағымдағы жылға арналған жоспарларды талқылап, жоғары және ең жоғары деңгейдегі ресми сапарларды ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Бұл қадам екі ел арасындағы саяси диалогты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Сонымен қатар, көлік-логистикалық және сауда-экономикалық салалардағы өзара іс-қимылды кеңейту, сондай-ақ екіжақты шарттық-құқықтық базаны одан әрі дамыту қажеттілігі айтылды.
Кездесу соңында қазақстандық тарап Парсы шығанағы өңіріндегі жағдайлар аясында Оманның транзиттік хаб ретіндегі стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.