Қазақстан мен Оман сұлтандығының байланысы беки түседі

Олар экономикамызға лайықты инвестиция салған. 

Қазақстан мен Оман сұлтандығының байланысы беки түседі Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Елімізге Оман сұлтандығының Сыртқы істер министрі Бадр бен Хамад Әл-Бусаиди ресми сапармен келді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Астана қаласында мәртебелі мейманды ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қарсы алған. Жиында Қазақстан Орталық Азиядағы Оманның жетекші экономикалық серіктесі болуға ынталы екенін жеткізген. 

– Қазақстан Орталық Азиядағы Оманның жетекші экономикалық серіктесі бола отырып, сауда ынтымақтастығымыздың әлеуетін толық іске асыруға ұмтылады. Оман экономикамызға лайықты инвестициялар салды. Бүгінгі күнге дейін жалпы капитал ағыны 253 миллион доллардан асты. Осы тұста біз Оманның Қазақстан мен көрші елдер үшін Тікелей инвестициялар қорын құру жөніндегі бастамасын толық қолдаймыз. Бүгінгі кездесу біздің күн тәртібіміз үшін одан да көп өзара тиімді нәтиже беретініне сенемін, – дейді ҚР СІМ басшысы.

Қос тарап экономикалық байланысын нығайту арқылы мәдени және халықтар арасындағы байланыстарды кеңейте түспек. Былтыр Оманға қазақстандық сапар шегушілер саны 37%-ға өсіп, 21 мың адамға дейін жеткен. 

Бүгін Мұрат Нұртілеу мен Бадр бен Хамад Әл-Бусаиди келіссөздер өткізеді деп жоспарланып отыр. Оман сұлтандығының СІМ басшысы елімізге соңғы рет 2004 жылы ресми сапармен келген еді. 

Елордадағы "Салтанат сарайын" салуға дәл осы Оман сұлтандығы қаржы бөлген болатын. Аталған кездесу араға 20 жылдай салып, екі елдің қарым-қатынасының жандануына ықпал етеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу