Өзбек басшысы Шавкат Мирзиёевтің елімізге ресми сапары барысында 2006 жылы 20 наурызда екі ел үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойылды, деп хабарлайды инвестиция және даму министрлігінің баспасөз қызметі.
"Хаттаманың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасында жолаушыларды автобуспен тұрақты, тұрақсыз және транзитті тасымалдау осы мемлекеттердің аумағында тіркелген тасымалдаушылардың жүзеге асыруын ұйымдастыру үшін құқықтық негіз құру", – деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар хаттаманың тағы бір ерекшелігі Қазақстан мен Өзбекстан азаматтары арасындағы бауырластықты нығайту.
"Хаттама сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға оң импульс береді және халықтың мобильділігін арттыруға, Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарының достық қарым-қатынастарын нығайтуға ықпал етеді", – дейді мамандар.
Хаттама күшіне енген соң екі мемлекеттің ірі қалалары арасында тұрақты автобус бағыттары ұйымдастырылады.