Қазақстан мен Өзбекстан арасында шешілмеуі мүмкін емес мәселе жоқ – ҚР Президенті

1458

 ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанның "УзА" ұлттық ақпарат агенттігіне сұхбат берді.

Қазақстан мен Өзбекстан арасында шешілмеуі мүмкін емес мәселе жоқ – ҚР Президенті

Қазақстан мен Өзбекстан арасында сындарлы диалог арқылы шешілмеген мәселе жоқ. Бұл жайында Өзбекстанның "УзА" ұлттық ақпарат агенттігіне сұхбат берген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Қазақстан мен Өзбекстан тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ күрделі кезеңдерде бір-біріне қолдау көрсетіп, бір-бірінің табысына шынайы қуанып, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Біз мығым әрі үйлесімді қарым-қатынас орнаттық. Оған бір мақсат – екі елдің өркендеуі негіз болып отыр. Мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық серіктестіктің нығаюында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Миромонұлы Мирзиёев жетекші рөл атқарды. Ұлт көшбасшысы жақын көршілермен қарым-қатынасты дамытуға әрдайым айрықша назар аударып келеді. Сондықтан сіздердің елдеріңіз Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыт санатына кіреді. Біз қос халықты одан ары жақындата түсу бағытын жалғастыра береміз",– деген ҚР Президенті сұхбатында. 

Мемлекет басшысы қазіргі басты міндет – сауда-экономикалық байланысты кеңейту және шекара маңы ынтымақтастығын тереңдету екендігін баса айтты.

"Біздің мемлекеттеріміз бұл салаларда зор мүмкіндікке ие. Екі ел үкіметтеріне 2020 жылға қарай өзара сауда көлемін 5 млрд долларға дейін жеткізу міндеті жүктелген", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар ҚР Президенті инвестициялық саладағы, өнеркәсіптік кооперациядағы, бірлескен өндірісті дамытудағы жемісті әрі үдемелі ынтымақтастықтың қолда бар мысалдары екі жақтың да экономикалық өзара іс-қимылды тереңдетуге ұмытылысына жауап бере алатынын атап өткен.

"Көліктік-транзиттік саладағы серіктестіктің келешегі зор. Теңізге шығар жолы жоқ Қазақстан үшін де, Өзбекстан үшін де транзиттік инфрақұрылымды жетілдіру және өзге елдермен көліктік кооперацияны дамыту – бірінші кезекті міндет саналады. Нұр-Сұлтан мен Ташкенттің қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды дәйекті түрде нығайтуы – өзара сенім көрсеткіші. Терроризм, діни экстремизм, қару-жарақтың заңсыз саудасы, ұйымдасқан қылмыс, заңсыз көші-қон мен есірткі тасымалы сынды өңірлік проблемалар барлығымызға ортақ. Сондай-ақ қауіпсіздік тәуекелін күшейте түсетін Ауғанстандағы ахуал да айтарлықтай алаңдаушылық туғызады. Мұның барлығы да бізден жүйелі, келісілген алдын алу шараларын талап етеді. Сондықтан Қазақстан мен Өзбекстан қазірден-ақ екі елдің құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерінің арасындағы байланысты жолға қоюда. Су проблемасында да ынтымақтастық мәселесі айрықша маңызға ие. Су қатынастарының барлық бағыттары бойынша жұмыс топтарының отырыстарын, өңірдегі өзге де серіктестермен тығыз үйлестіру жұмыстарын тұрақты түрде өткізетініміз қуантады", – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан ары нығайтуға баса назар аударылатынын және мұны екі елдің де халқы оң қабылдайтынын сөз етті.

"Қазақстан мен Өзбекстан арасында сындарлы диалог жолымен шешілмеуі мүмкін емес мәселелердің іс жүзінде жоқтығы – үлгі боларлық жайт. Қос ел арасындағы қарым-қатынас екіжақты өзара іс-қимылдың табысты әрі тиімді моделі және бүкіл ортаазиялық өңірдің тұрақтылығы, қауіпсіздігі мен нық дамуының маңызды факторы саналады. Меніңше, Нұр-Сұлтан мен Ташкенттің алдында тұрған ұқсас мақсаттар мен міндеттер біздің кең ауқымды ынтымақтастығымызды одан ары дамыту үшін қуатты ынталандырушы қызметін атқарады",  – деді ҚР Президенті.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу