Қазақстан мен Өзбекстан туризм саласындағы көлік байланысын кеңейтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазір екі ел арасында аптасына 70 әуе рейсі орындалады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 40%-ға артқан.
Бұл туралы Қазақстандағы Өзбекстан елшісінің шақыруымен өткен туристік ынтымақтастыққа арналған іс-шарада айтылды. Жиынға Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлеубаев қатысты.
Кездесуде екі ел арасындағы әуе қатынасын одан әрі дамыту мәселесі талқыланды. Тікелей рейстер ірі қалалармен қатар өңірлерді де байланыстырып жатыр.
Биыл Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жолаушылар ағыны 30%-дан астам өскен.
Сондай-ақ биыл екі ел өңірлерін байланыстыратын жаңа әуе бағыттары ашылды. Атап айтқанда, Атырау, Орал, Қостанай және Ақтөбеден Ташкентке, Алматыдан Самарқанд пен Үргенішке тікелей рейстер іске қосылды.
Ведомство мәліметінше, көлік байланысының кеңеюі жаңа туристік бағыттарды дамытуға, өзара сапарлар санын арттыруға және екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.