Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен делегациясы негізгі шекара маңындағы теміржол нысандарына жұмыс сапарымен барды. Іс-шара екі елдің көлік министрліктері арасында тасымал көлемін 60 млн тоннаға дейін ұлғайту жөніндегі уағдаластықтарды іске асыру аясында өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Делегация құрамына теміржол әкімшіліктерінің басшылары, Шекара қызметінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері, сондай-ақ фитосанитарлық және ветеринарлық бақылауға жауапты Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары кірді.
Делегация Сарыағаш және Сырдария мемлекетаралық түйіспелерін жан-жақты тексерді. Аталған нысандар екі ел арасындағы өткізу қабілетін кеңейтудің негізгі пункттеріне айналады. Бұл өз кезегінде жүк тасымалы көлемін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында теміржол тасымалының өткізу қабілеті мен тиімділігіне әсер ететін инфрақұрылымдық шектеулерді жою мәселелері қаралды.
Сапар аясында тараптар мемлекетаралық түйіспелердің өткізу қабілетін жоспарлы түрде кеңейтудің басымдығын растады. Атап айтқанда, Сарыағаш түйіспесінде өткізу қабілетін тәулігіне 36 жұп пойыздан 40 жұп пойызға дейін арттыру, ал "Оазис" түйіспесінде көрсеткішті бес есеге – тәулігіне 10 жұп пойызға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Сондай-ақ Дарбаза – Мақтаарал стратегиялық теміржол учаскесі пайдалануға берілгеннен кейін Сырдария түйіспесінің өткізу қабілеті де тәулігіне 10 жұп пойызға дейін жеткізіледі. Бұл 60 млн тонна көлеміндегі мақсатты жүк айналымына қол жеткізу үшін қажетті техникалық негізді қамтамасыз етеді.