Қазақстан мен Өзбекстан басшылары бірлескен мәлімдеме жасады

698

Мемлекет басшылары екіжақты сауда көлемін 2020 жылдың соңына 5 млрд долларға дейін өсіруді жоспарға қойды.

Қазақстан мен Өзбекстан басшылары бірлескен мәлімдеме жасады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барып қайтты. Сапар барысында екі ел басшысы бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшылары екіжақты сауда көлемін 2020 жылдың соңына 5 млрд долларға дейін өсіруді жоспарға қойды.

Қос президент халықаралық саясаттың өзара мүдделі, маңызды мәселелері бойынша тараптар ұстанымдарының ұқсастығын растады және Орталық Азияның гүлденуі мен халықтарының игілігі үшін тұрақтылық пен қауіпсіздік атмосферасын нығайтуға қолғабыс етуге екі жақтың да ұмтылысын атап көрсетті. Тараптар ШЫҰ, ТМД, АӨСШК мен басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберінде өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.

Мемлекет басшылары Ауғанстан Ислам Республикасын (АИР) қалпына келтіру үдерісіндегі күш-жігерлерді біріктіруге маңыз береді. Ауғанстанмен ұзақ мерзімді тату көршілік ынтымақтастықты өрістету, соның ішінде көлік коммуникациялары, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы ірі жобаларды іске асыру жолымен дамыту қажеттігін жақтайды.

Екі ел басшылары Ауғанстандағы бейбіт үдеріске мүдделі халықаралық қоғамдастық пен көрші мемлекеттердің күш-жігерлеріне жәрдемдесуді жақтады.

Қазақстан Президенті 2020 жылы Ташкентте Ислам Ынтымақтастық Ұйымының (ИЫҰ) ғылым және технологиялар бойынша екінші саммитін өткізуге қолдау білдірді. Тараптар 2017 жылғы қыркүйекте Астанада өткен ИЫҰ ғылым және технологиялар бойынша бірінші саммитінің жұмысын жоғары бағалап, оның қорытындылары мен шешімдерін жүзеге асыруды ИЫҰ екінші саммиті шеңберінде жалғастыруға уағдаласты.

Мемлекет басшылары қорғаныс және әскери-техникалық саладағы, сондай-ақ ғарыштық зерттеулер мен әзірленімдер саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жәрдемдесу ниеттері туралы мәлімдеді.

Президенттер Арал теңізі бассейніндегі нақты бағдарламалар мен жобаларды іске асыру бойынша өңір елдерінің халықаралық ұйымдар, қаржылық және экологиялық институттармен ықпалдастығын кеңейту арқылы Аралды құтқарудың халықаралық қоры шеңберіндегі ынтымақтастықты жандандыруға өзара мүдделілікті растады.

Қазақстан мен Өзбекстан халықтарының мәдени, тарихи және рухани бірлігін атап өте отырып, ғылым, білім беру, мәдениет, өнер, туризм, спорт және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі қарқынды дамытуға бейілділіктерін растады.

Мемлекет басшылары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялау үдерісінің сәтті жүріп жатқанын, сондай-ақ екі елдің шекара маңындағы тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартуды, трансшекаралық экономикалық байланыстар мен гуманитарлық алмасуларды жандандыруды, азаматтардың өзара сапарларын арттыруға септігін тигізетін өткізу бекеттері қызметінің тиімділігін қамтамасыз етуді құптады.

Екі елдің президенттері өз аумағында тұратын екінші тарап өкілдерінің этникалық, тілдік және ұлттық мәдениеттерін сақтау мен дамыту үшін ынтымақтастықты нығайтуға, тараптардың заңнамаларына сәйкес олардың өкілдерінің қоғамдық-саяси, мәдени және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсенді қатысуына жағдай жасауға ниеттерін растады.

Екі ел екіжақты және көпжақты қол қойылған шарттарды уақытылы және сапалы жүзеге асырудың, сондай-ақ екі мемлекет арасындағы шарттық-құқықтық базаны одан әрі кеңейтудің маңыздылығын атап көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке, бүкіл өзбек халқына жылы қабылдау мен қонақжайлық үшін алғысын білдірді және Өзбекстан басшысын оған ыңғайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Сапардың мерзімдері дипломатиялық арналар арқылы келісіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу