"Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының "Заң үстемдігі - Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуының кепілі" форумы аясында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов пен Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы уәкіл Дилмурод Касимов келісімге қол қойды. Бұл туралы ұлттық палатаның баспасөз қызметі хабарлады.
Құжат екі ел арасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мен ақпарат алмасудағы ынтымақтастықты көздейді. Тараптар іскерлік ахуалды жақсарту бойынша, кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша жұмыс жасауға бейімделген, аталмыш жұмыстар сындарлылық, ашықтық және олардың қызметінің тиімділігі қағидаты бойынша атқарылатын болады.
Сонымен қатар мемлекеттің ұлттық заңдарын дұрыс қолдану бойынша консультациялық-құқықтық көмек көрсету, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, семинарларға және басқа да іс-шараларға қатысу қарастырылған.
"Біз кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша жұмыста одан әрі тиімді әрі жемісті ынтымақтастық орнатамыз деген үміттеміз. Біз үшін басты міндеттердің бірі – біздің кәсіпкерлер өзге елде басына түскен қиыншылықпен жалғыз қалмауы керек, оларға көмек көрсетілуі қажет", - деп, атап өтті Болат Палымбетов.
Өз кезегінде, Дилмурод Касимов тараптардың жұмысында жақсы серпін бар екендігін атап өтті.
"Біз, қазақстандық әріптестерімізбен, бүгінгі кездесуден бұрын бизнес құрылымдардың құқықтарын қорғау саласында бірлесіп, жұмыс істеп келеміз. Бүгін біз тиісті келісіммен ынтымақтастықты нығайтқымыз келеді. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, бизнес-омбудсмен институты мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы көпір болып табылады", - деді Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы уәкіл.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Қазақстан мен Ресейдің бизнес-омбудсмендері арасындағы өзара көмек және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын. Екі елдің бірлескен күш-жігерінің арқасында қазақстандық және ресейлік кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары қорғалды.