Aлматыда "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ мен "Өзбекмұнайгаз" АҚ арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Бұл туралы "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Құжатқа "ҚМГ" басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен "Өзбекмұнайгаз" басқарма төрағасы Баходиржон Сидиков қол қойды.
Компания хабарлағандай бұл құжат өзбек әріптестерімен бірге ресурстық базаны толықтыру және мұнай-газ химиясы саласын дамыту сияқты маңызды бағыттарда ынтымақтастық кеңейтуге дайын екендігін растайды.
"Сонымен қатар цифрлық технологиялар, өндірістік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау салаларында біздің ортақ мүдделеріміз бар. Бүгінгі келісім Қазақстан мен Орталық Азиядағы энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді", – деді Асхат Хасенов.
Бұған дейін Баку қаласында өткен "Энергетика саласындағы цифрландыру, өнеркәсіптік қауіпсіздік және сатып алулар" атты халықаралық конференциясы аясында SOCAR, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ, "Татнефть" ЖАҚ және "Өзбекнефтегаз" АҚ өкілдері цифрлық технологиялар және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы төртжақты меморандумдарға қол қойды. Құжаттар цифрлық шешімдерді әзірлеу мен енгізу, сондай-ақ техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды алдын алу және олардың салдарын жою бойынша тәжірибе алмасуды көздейді.