ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мизиёев жүргізілген келіссөздердің қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
"Қазақстан басшысы ретінде мен Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз етіп, Қазақстан-Өзбекстан қатынастарының жан-жақты дамуын жалғастыра беремін. Бұған дәлел ретінде бүгін біз қол қойған негізгі жетістіктеріміз бен ынтымақтастық көкжиегінің келешегі қамтылған Президенттердің Бірлескен мәлімдемесін айтуға болады", – деді мемлекет басшысы жиында.
Екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығындағы жоғары деңгейді айта келіп, Қазақстан Президенті осы жоғары көрсеткіштерді одан әрі қолдау үшін бірқатар шара қабылданатынын жеткізді.
"Жаңа мүмкіндіктер іздеп, тауар номенклатурасын кеңейту қажеттігі туралы айтылды. 2020 жылдың соңына қарай өзара тауар айналымын 5 миллиард долларға дейін жеткізу – біздің негізгі мақсатымыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өндірістік кооперациялардың дамуы бойынша, Мемлекет басшысы бизнеске жасалған жағдайдың нәтижесінде екі елдің бірлескен кәсіпорындарының саны артқанын атап өтті.
"Мұндай ынтымақтастықтың мысалы ретінде Қазақстандағы бірлескен жеңіл автомобиль, жүк көлігі және басқа техникаларды құрау жобаларын айтуға болады. Аталған салалардың біздің экономикаларымыз үшін маңызы зор болғандықтан, осы бағыттағы жұмыстарды қарқынды түрде жалғастыра береміз", – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр жыл соңында өткен Өңіраралық ынтымақтастық форумының сәтті өткенін атап өтіп, бұндай кездесулердің екі ел үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.
Бұдан басқа Қазақстан Президенті отын және су-энергетика саласындағы өзара іс-қимыл, экспорт-импорттық, транзиттік тасымал саласындағы ынтымақтастық, мәдени-гуманитарлық және жастар байланысын кеңейту мәселелеріне тоқталды.
Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздердің нәтижелеріне қанағаттанатынын білдіріп, қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығын дәстүрлі достық, сенім және тату көршілік ынтымақтастықта дамытатынын айтты.
Шавкат Мирзиёев өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаевпен ашық әрі толық өзара түсіністік рухында өткен келіссөздерге жоғары баға берді. Соның барысында тараптар қарым-қатынасты дамытудың ұзақ мерзімді мақсаттарының ортақ екенін растап, күн тәртібіндегі екіжақты, өңірлік және халықаралық ынтымақтастық мәселелерін жан-жақты талқылады, сондай-ақ жаңа сынақтар мен қауіпсіздікке төнетін қатерлерге қарсы тұру жөніндегі бірлескен шараларды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, Шавкат Мирзиёев сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру үшін Жол картасы бекітілетінін айтты.