Бүгінгі Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Өзбекстанмен шекарадағы орталық базада тоқыма өндірісі ашылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Орталық Азия" халықаралық өндірістік кооперация орталығы өңірдегі ең ірі жүк ағындарын консолидациялау, өңдеу және тарату, "Солтүстік – Оңтүстік" дәлізі аясында өндірістік кооперацияны дамыту орталығы болады. Орталық "Атамекен" (Қазақстан) және "Гулистан" (Өзбекстан) бақылау-өткізу бекеттеріне жақын орналасады және өндірістік алаңдардан, сақтау қоймаларынан, көлік инфрақұрылымынан тұрады. Бұл жүк тасымалдауды жылдамдатуға, логистикалық шығындарды азайтуға, жеткізу тізбегіндегі қатысушылар санын қысқартуға, өнімнің соңғы тұтынушы үшін құнын төмендетуге және жеткізілімдердің жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді", – деді Арман Шаққалиев.
Сондай-ақ ол орталық базасында "Global Textile" компаниясының дайын тоқыма жобасы іске асатынын айтты.
"Орталық Азия" халықаралық өндірістік кооперация орталығының құрылуы шекара маңындағы елдермен екіжақты сауда-экономикалық қатынастардың одан әрі артуына оң әсерін тигізіп, екі елдің өндірушілері мен кәсіпкерлері арасында іскерлік байланыстарды жандандырады. Өз кезегінде, арадағы тауар айналымды алдағы 5 жылда 10 миллиард долларға дейін арттыруға ықпал етеді", – деді министр.