Қазақстан мен Өзбекстан тауар айналымын 10 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр

500

Өткен жылдың 11 айында өзара сауда да жақсы нәтиже көрсетіп, $4,1 млрд-ты құрады. 

Қазақстан мен Өзбекстан тауар айналымын 10 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр Фото: primeminister.kz

Әлихан Смайылов Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы қарсаңында Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Ариповпен келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көліктік және газ салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Атап айтқанда, екіжақты тауар айналымын арттыру бойынша Жол картасының жүзеге асырылу барысы және кооперациялық өнеркәсіптік жобалар жұмысының нәтижелері қаралды.

Жиында мемлекетаралық су қатынастарын кеңейтуге де ерекше назар аударылды.

Тараптар қалыптасқан әріптестік жоғары деңгейде екеніне тоқталып, бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды орындауға және өзара іс-қимылды одан әрі күшейтуге дайын екендерін растады.

Бұл, басқа ортақ мәселелер қатарында трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқаруға және пайдалануға қатысты да айтылды.

Қазақстан Өзбекстанмен стратегиялық әріптестікті дамытуға ерекше көңіл бөледі.

"Мемлекет басшыларымыздың ерік-жігерінің арқасында біздің өзара іс-қимылымыз бүкіл өңір үшін үлгі болды", — деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министрдің айтуынша, Өзбекстан – Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі.

2022 жылы тауар айналымының көлемі жоспарланған $5 млрд-қа жетті.

"Біздің алдымызда тауар айналымын $10 млрд-қа дейін жеткізу міндеті тұр, сондықтан сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту бойынша жүйелі шаралар қабылдау қажет. Қазақстан Үкіметі белгіленген барлық мақсаттарға қол жеткізу үшін бірлесіп белсенді жұмыс істеуге дайын", — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Абдулла Арипов Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестік достық пен тату көршілік және өзара құрмет рухында қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

"Мемлекеттеріміздің басшылары екі ел арасындағы көпқырлы қарым-қатынастарды одан әрі дамытудың нақты міндеттерін айқындады. Біз сіздермен бірге осы міндеттерді орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға дайынбыз", — деді Өзбекстан Премьер-Министрі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу