Қазақстан мен Өзбекстан туризм саласында ынтымақтастықты дамытуға ниетті

1484

Қазақстан мен Өзбекстан туризм саласында ынтымақтастықты дамытуға ниетті

V Халықаралық "Демалыс әлемі 2017" туристік көрмесі барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ӨР Туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік комитеті туризм саласындағы бірлескен жобалардың 2017-2019 жылдарға арналған жоспарына қол қойды, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Өзбекстанның Туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Анвар Шарапов халықаралық ведомствоаралық құжатқа қол қойды.

Құжатқа қол қоя отырып, Қазақстан мен Өзбекстанның туристік мекемелерінің басшылары екі ағайынды халық арасындағы достық қарым-қатынас пен мемлекеттердің туризм саласындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсудің маңыздылығын айтып өтті.

Екіжақты ынтымақтастық келесі бағыттарға басымдық береді: туристік дестинацияларды тиімді басқару саласында тәжірибемен алмасу, екі елдің туристік шараларын өткізуге көмек көрсету.

Қазақстан тарапының бүгін Ташкентте ашылған Халықаралық "Демалыс әлемі 2017" өзбек туристік көрмесіне қатысуы еліміздің Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған стратегиялық экономикалық ынтымақтастығын тиімді іске асыруға дайын екенін көрсетеді.

Өзара іс-қимыл жоспарын іске асырудың келесі қадамы – өзбек туроператорлары "KITF 2017" және "Astana Leisure 2017" халықаралық туристік көрмелеріне қатысады.

ЭКСПО-2017 қарсаңында екі мемлекет Астанада биыл жазда өтетін халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысушылар мен қонақтарға Ташкент-Самарқан-Бұхара-Хиуа және Шымкент-Түркістан-Астана бағыттарында және кері бағытта құрамдастырылған турлар ұйымдастыруға ниетті.

Сондай-ақ туристік ағынды ұлғайту мақсатында екі ел "Ұлы Жібек жолы" атты ортақ туристік өнім шығаруға ниет білдіріп отыр.

Қазақстан мен Өзбекстан туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытып, нығайту мақсатында туризм саласындағы оқу технологиялары мен зерттеулермен алмасуға, сонымен қатар туристік бизнес менеджменті мен оны ұйымдастырудағы тәжірибелерімен алмасуға ықпал етуге келісті.

Еске сала кетейік, "Демалыс әлемі 2017" атты халықаралық өзбек туристік көрмесі Ташкентте 13-14 сәуір күндері өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу