Қазақстан мен Перу қылмысқа қарсы күрес жөнінде келісім орнатты

85

Қазақстан осындай келісімді 33 мемлекетпен жасаған. 

Қазақстан мен Перу қылмысқа қарсы күрес жөнінде келісім орнатты Фото: ЖИ

Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы" заңы мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Шартқа 2024 жылғы қазан айында Астана қаласында қол қойылды.

Заңның мақсаты – уағдаласушы мемлекеттердің қылмыстардың алдын алуды, тергеп-тексеруді, қылмыстық қудалауды және сот төрелігін жүзеге асыруды қамтамасыз етуде ынтымақтастық пен құқықтық көмек көрсету. Шартта екі елдің құзыретті органдарының өзара іс-қимыл мәселелері реттеледі. 

Атап айтқанда:
– құқықтық көмек көрсетудің қолданылу аясы;
– сұрау салудың нысаны мен мазмұны, оны орындау тәртібі;
– тұлғалардың құқықтарының сақталуына кепілдіктер;
– қамаққа алынған және сотталған адамдарды уақытша беру;
– тәркілеу рәсімдеріне көмек көрсету;
– қаржылық ақпараттарды, банк шоттарын анықтау және тоқтатып қою;
– шығындарды өтеу мен келіспеушіліктерді реттеу жолдары және өзге де ұйымдастырушылық мәселелер бойынша ережелер нақтыланған.

"Шартқа сәйкес, тараптар өзінің ұлттық заңнамасы аясында қылмыстық істер бойынша бір-біріне кең ауқымды құқықтық көмек көрсетуге міндеттеледі. Олар: құжаттарды, шақыру қағаздары мен заттарды беруді; адамдар мен заттардың тұрған жерін анықтау немесе сәйкестендіруді; тінту, алып қою және тәркілеу жұмыстарын жүзеге асыруды; заттар мен құжаттарға сараптама жасау, ақпарат пен дәлелдемелер беру, сондай-ақ тараптардың ұлттық заңнамасымен көзделген көмектің басқа да нысандарын қамтиды. Бұл іс-қимылдарды әрбір тараптың құзыретті органдары өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүргізеді. Қазақстанда – Қылмыстық-процестік кодекс шеңберінде жүзеге асырылады", – деді сенатор Нұрлан Бекназаров.

Сонымен қатар, құжатта құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды орындаудан бас тартудың нақты негіздері белгіленген. Яғни, егер сұрау салуды орындау егемендікке, қауіпсіздікке немесе қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіруі мүмкін болса; ұлттық заңнамаға немесе халықаралық міндеттемелерге қайшы келсе; сұрау салу адамға қатысты оның ұлтына немесе саяси сеніміне байланысты қылмыстық қудалау мақсатында жолданса; сұрау салынатын тарапта тергеліп жатқан қылмысқа қатысты болса, тараптар құқықтық көмек көрсетуден толық немесе ішінара бас тартуға құқылы.

"Бүгінгі күнге дейін Қазақстан осындай келісімді 33 мемлекетпен жасаған. Енді осы серіктестік қатары Перу Республикасымен толықпақ. Шартты ратификациялау екі ел арасындағы өзара құқықтық көмек көрсету мәселелеріне байланысты қарым-қатынасты реттейді және қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға ықпал етеді", – деді Сенат депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу