Мәжіліс Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Шартқа 2024 жылғы 23 қазанда Астана қаласында қол қойылған.
Құжаттың негізгі мақсаты – Тараптардың өзара ынтымақтастығы және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек арқылы қылмыстың алдын алу, тергеу, қылмыстық қудалау және жолын кесу тиімділігін арттыру. Өзара құқықтық көмек бірқатар шараларды жүзеге асыруды көздейді, оның ішінде ақпарат беру, адамдардың жеке басын анықтау, іздестіру жұмыстарын жүргізу, тінту, жауап алу және сараптамалар жүргізу, дәлелдемелер беру, Тараптардың ұлттық заңнамаларында көзделген өзге де көмек түрлері бар.
Сонымен қатар кейбір жағдайларда құқықтық көмек көрсетуден бас тартылуы мүмкін. Мұндай жағдайларға мыналар жатады: келісімшарт талаптарының сақталмауы; сұрауды орындау тараптардың егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе өзге де маңызды мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін болса; сұрауды орындау оның ұлттық заңнамасына қайшы келсе немесе тұлғаны кемсітушілік негіздер бойынша қудалауға бағытталса.
Келісімшартты іске асыруға Қазақстан тарапынан Жоғарғы Сот пен Бас прокуратура жауапты, ал Перу тарапынан – Бас прокурордың кеңсесі.
Сонымен қатар Мәжіліс Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялады. Оған сәйкес, бір тараптың аумағында сотталған адам тағайындалған жазаны одан әрі өтеу үшін екінші тараптың аумағына берілуі мүмкін.
Бұдан басқа Қазақстан мен Перу қылмыстық қудалау және сот үкімдерін орындау үшін адамдарды беру тетіктері белгіледі.