Қазақстан мен Ресей арасындағы алыс-беріс көлемі артып келеді

313

Қостанайда Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумы өтіп жатыр.

Қазақстан мен Ресей арасындағы алыс-беріс көлемі артып келеді Фото: akorda.kz

Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 27 млрд долларға жетті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Қазақстан мен Ресей басшылары XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс режимінде қатысты.

"Бұл алаң 20 жыл бойы Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара тиімді стратегиялық әріптестікті нығайтуға зор үлес қоса отырып, өзінің сұранысы мен тиімділігін көрсетіп отыр. Екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық саладағы, өнеркәсіптік кооперациядағы өзара іс-қимылы жылдан жылға тұрақты өсімді байқатып отыр. Екіжақты тауар айналымы рекордтық көрсеткіш – 27 млрд долларға жетті. Ресейден тікелей инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асты. Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік қатысуы бар 42 мыңнан астам кәсіпорынның жартысына жуығы, яғни 19 мыңы – ресейлік компаниялар", - деді Президент.

Оның сөзінше, Қазақстан мен Ресей экономиканың барлық саласында тығыз қарым-қатынас орната білді.

Мемлекет басшысы энергетика саласындағы ынтымақтастықтың артып келе жатқанын атап өтті. 

"Ресей газының Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға транзитінің жақында іске қосылуы маңызды оқиғаның бірі болды. Бұл жоба Орталық Азияның өңірлік тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуда шешуші рөл атқарады. "ТатНефть" компаниясымен қуаттылығы жылына 340 мың тонна болатын бутадиен өндіретін Қазақстан-Ресей зауытының құрылысы басталды. Полиэтилен өндіретін кәсіпорынның құрылысы бойынша келіссөздер аяқталды. 2019 жылдан бастап Өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы табысты жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта осы бағдарлама бойынша 3,2 млрд доллар сомасына 30 жоба іске асырылды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жалпы құны 27 млрд доллардан асатын тағы 60-қа жуық жоба іске асыру сатысында немесе пысықталып жатыр, деп жалғастырды ол. 

Тоқаевтың айтуныша, мұның бәрі Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестер мен одақтастар екендігін айқын көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу