Республикалық "Казахстанская правда" газетінде жарияланған мақаласында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин екі ел арасындағы тауар айналымының көрсеткіштері жайында пікір айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
РФ Президенті екіжақты тауар айналымының көрсеткіштері көңілге сенім ұялататынын атап өтті. Мәселен, былтыр бұл салада жаңа рекорд орнап, 28 миллиард доллар деңгейінен асып түсті, ал биылғы қаңтар-қыркүйек айларында 20 миллиард доллардан асты. Өзара сауда құрылымы үнемі әртараптанып келеді және қосылған құны жоғары шикізаттық емес өнімдердің үлесі көбеюде. Сонымен қатар, өзара есеп айырысудағы ұлттық валюталардың үлесі тұрақты түрде артып келеді. Бұл екі ел арасындағы алыс-берісті сыртқы, соның ішінде саяси жағдайлардың жағымсыз әсерінен қорғауға мүмкіндік береді.
"Қазақстан экономикасына тартылған Ресей инвестициясы да жылдан-жылға өсіп жатыр. Бүгінде оның көлемі шамамен 13 миллиард долларға жетті. Қазақстанда ресейлік іскер топтардың қатысуымен 23 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Екі елдің компаниялары өнеркәсіптік кооперация мен жоғары технологиялар саласында бірқатар бірлескен ірі жобаларды іске асырып отыр. Соның арқасында экономиканы кешенді жаңғыртып, қос мемлекеттің технологиялық егемендігін нығайтуға ықпал ететін толық индустриялық циклдің жаңа өндірістері жолға қойылып жатыр", — дейді РФ Президенті.
Оның пайымынша, мұнай-газ секторындағы ынтымақтастық та сындарлы сипат алған. Каспий құбыр консорциумының арқасында Қазақстан экспорттайтын мұнайдың 80 пайыздан астамы Ресей аумағы мен ресейлік порттар арқылы Қара теңізбен шетел нарығына жеткізіліп отыр. Қос мемлекеттің энергетикалық компаниялары көмірсутек кен орындарын бірлесіп игеріп, энергия ресурстарын өңдеуді, құбыр жүйесін кеңейтуді жолға қоя білді.