Форум "Жаһандық логистикалық экожүйені қалыптастыру: Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының жаңа көкжиектері" тақырыбында өтуде.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, форум аясында Ертіс өзенінің экожүйесін сақтау мәселесіне арналған арнайы сессия ұйымдастырылды. Жиында екі елдің өкілдері трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану, оларды қорғау және осы бағыттағы өзара ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылады.
Мансұр Ошурбаев Қазақстан мен Ресей арасында трансшекаралық су нысандарын қорғау мен пайдалану бойынша тұрақты әрі тиімді әріптестік қалыптасқанын атап өтті. Сондай-ақ Ертіс өзенінің экожүйесін сақтау мақсатындағы бірлескен жұмыстардың маңызына тоқталды.
Форум қорытындысында тараптар қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын орнықты басқару және бірлескен экологиялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.