Қазақстан мен Ресей құтқарушылары табиғи өрттерді сөндіру бойынша бірлескен оқу-жаттығу өткізді

388

Шекара маңындағы аумақтарда төтенше жағдайларға ден қою алгоритмдері пысықталды.  

Қазақстан мен Ресей құтқарушылары табиғи өрттерді сөндіру бойынша бірлескен оқу-жаттығу өткізді Фото: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі телеграм

Ресей Федерациясының Алтай өлкесіндегі Локтев ауданында Қазақстан мен Ресей Төтенше жағдайлар министрліктерінің бөлімшелері қатысқан шекара маңындағы табиғи өрттерді сөндіруге арналған бірлескен тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Оқу-жаттығуға қазақстандық тараптан Шығыс Қазақстан, Павлодар және Абай облыстары Төтенше жағдайлар департаменттерінің күштері мен құралдары жұмылдырылды. Іс-шараға барлығы 24 қызметкер мен 6 бірлік арнайы техника қатысты.

Жаттығудың негізгі мақсаты – шекара маңындағы аумақтарда табиғи өрттер туындаған жағдайда екі елдің жедел қызметтері арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін жетілдіру және тәжірибелік дағдыларды пысықтау болды.

Практикалық бөлім барысында Қазақстан ТЖМ Республикалық жедел штабы арқылы бейнеконференцбайланыс форматында жедел ақпарат алмасу ұйымдастырылды. Сонымен қатар қатысушылар жоғары өтімді өрт сөндіру автоцистерналары мен жедел әрекет ету көліктерін пайдаланып, шартты өрт ошақтарын сөндіру бойынша тапсырмаларды орындады.

Оқу-жаттығу аясында шекарааралық сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде күштер мен құралдардың мемлекеттік шекараны жедел кесіп өту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар табиғи өрттерге уақтылы әрекет етуге мүмкіндік беретін өзара іс-қимыл алгоритмдерін іс жүзінде сынақтан өткізді.

Мамандардың айтуынша, мұндай бірлескен жаттығулар мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтып, жедел ақпарат алмасу мен шекарааралық төтенше жағдайларға ден қою тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу