Қазақстан мен Ресей ортақ стандарттарды қайта қарамақ

1097

Техникалық реттеу және метрология комитеті сырттан келетін сапасыз өнімдермен күресу жолдарын атады.

Қазақстан мен Ресей ортақ стандарттарды қайта қарамақ

Қазақстан мен Ресей ортақ стандарттарды қайта қарамақ, деп хабарлайды abctv.kz.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Арман Шаққалиевтің сөзінше, бүгінде Қазақстан мен Ресей 19 мыңнан астам ортақ стандартты пайдаланып келеді. Екі ел аталған стандарттарды қайта қарап, жандандырмақ ниетте. Дәл осындай мақсатпен Ресейдің техникалық реттеу және метрология жөніндегі федералдық агенттігінің, сондай-ақ аккредиттеу жөніндегі федералдық қызметтің басшылары Қазақстанға арнайы келді.

"Ортақ стандарттарды қайта қарау екі ел үшін де өзекті боп тұр. Өйткені өнеркәсіп дамып, технология өзгеріске ұшырауда. Осы күні жиі естіп жүрген индустрия 4.0, интернет, биотехнология, нанотехнология секілді салалардың бәрі технологиялық, нормативті-техникалық стандарттарды қажет етеді. Біз тұтас әлемге ортақ "техникалық тілде" сөйлеуіміз керек. Сондықтан стандарттарға көңіл бөлу маңызды", – дейді Арман Шаққалиев.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасында техникалық реттеу және метрология саласы бойынша тығыз байланыс қалыптасқан. Оның үстіне екі мемлекет те Еуразиялық интеграция мәселелерін көтеріп жүр.

"Біз стандарттау, метрология, аккредиттеу мәселелерінің замана көшінен қалмауын қадағалап келеміз. Мұның барлығы отандық өнеркәсіпті қолдау үшін қажет. Біздің мақсат – отандық өнімдердің экспортқа шығуына жағдай жасау, жол ашу. Сонымен қатар, нарықты сапасыз өнімдерден қорғау", – дейді комитет төрағасы.

Астанадағы эталон орталығында кездескен Қазақстан мен Ресей өкілдері өзара тәжірибе алмасып, уақыт жиілігін салыстырды. Ортақ жұмыстың басым бағыттарын анықтады.

"Екі жақты кездесудің қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар әзірленді. Бұл ретте, стандарттау және аккредиттеу саласындағы өзара іс-қимыл стратегиясы қайта қаралды. Сондай-ақ контрафактілік оқиғалар мен сапасыз өнімдерге қатысты мәселелер де қамтылды", – деді Арман Шаққалиев.        

Еске сала кетейік, Еуразиялық экономикалық одақ аясында стандарттау жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Оның мақсаты – салада қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру. Яғни, ортақ стандарттардың бір-бірін қайталамауын қадағалау, әрбір ел тарапынан жіберілетін кемшіліктердің алдын алу. Одаққа мүше елдердің сауда айналымындағы техникалық кедергілерді жою.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу