ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Мәскеуде РФ үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозинмен кездесу өткізді.
Тараптар қорғаныс өнеркәсібі кешені мен аэроғарыш саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
ҚР қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарының РФ кәсіпорындарымен әскери техника жеткізу, ҚР қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарының базасында өңірлік сервис орталықтарын құрудағы ынтымақтастық мәселелері өзекті болып табылады.
Кездесу барысында қорғаныс өнеркәсібі кешені саласында бірлескен ғылым мен технологиялар комитетін құру мәселесі талқыланды.
"Байқоңыр" кешеніндегі әрі қарайғы ынтымақтастық тұжырымдамасын іске асыру – кездесудің күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі. Тұжырымдамаға Асқар Мамин мен Дмитрий Рогозин 2016 жылғы желтоқсанда ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейге жұмыс сапары барысында қол қойған.
Тараптар ҚР мен РФ арасындағы ынтымақтастық бағыттарындағы Тұжырымдамада қарастырылған іске асыру тетіктері бойынша шешімдер қабылдады.
Асқар Мамин мен Дмитрий Рогозин 2016-2025 жылдарға арналған "Бәйтерек" жобасын іске асырудың Жол картасын орындау мәселелеріне қатысты пікірлерімен алмасты. Оның аясында Байқоңыр ғарыш айлағындағы жерүсті ғарыш инфрақұрылымын жаңғырту жоспарланған.
Байқоңыр қаласын дамытудың ортақ ұзақмерзімді бағдарламасын әзірлеу мәселелері талқыланды. "Байқоңыр" кешенінің бірегейлігін ескере отырып, Астанада өтетін халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезінде ғарыш айлағына туристік бағдарды ұйымдастырудың маңыздылығы туралы айтылды.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар биыл сәуір айында Қызылорда қаласында "Байқоңыр" кешені бойынша Үкіметаралық комиссияның бесінші отырысын өткізуге келісті.