Қазақстан мен Ресей Сенаторлары шекара маңы ынтымақтастығын талқылады

491

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ депутат ресми сапармен Ресей Федерациясына барды.

Қазақстан мен Ресей Сенаторлары шекара маңы ынтымақтастығын талқылады Фото: senate.parlam.kz / Н.Байбулин

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ депутат ресми сапармен Ресей Федерациясына барды, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚР Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сапар барысында Палата Спикері Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенкомен кездесті. Сондай-ақ Спикерлер ҚР Парламенті Сенаты мен РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Ынтымақтастық жөніндегі комиссиясы отырысының ашылуына қатысты. Отырыста Палата басшылары 2023-2025 жылдарға арналған ҚР Парламенті Сенаты мен РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі арасындағы Ынтымақтастықты дамыту жөніндегі "Жол картасына" қол қойды.

"Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас табысты және тиімді екіжақты өзара іс-қимылдың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Екі елдің ынтымақтастығы берік достық пен тату көршілікке, ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи байланыстарға, мемлекеттеріміздің тәуелсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына құрметпен қарауға негізделген", – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенко екі мемлекеттің өзара іс-қимылының жоғары деңгейіне ерекше назар аударды. Бұл ретте Қазақстан Парламенті Сенаты мен Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссия осындай байланыстың маңызды тетігі болып отырғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ Валентина Матвиенко ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан кең ауқымды саяси және экономикалық реформалардың өзектілігін тілге тиек етіп, екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дәйекті түрде дамытудың маңызды екенін айтты.

"Ресей мен Қазақстан – шын мәнінде тең құқылы одақтас мемлекеттер. Бізді көп нәрсе байланыстырады. Біз Қазақстанның даму барысына үнемі назар аударып отырамыз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан саяси және экономикалық реформалар жоғары құрметке лайық. Олардың кәсіби, демократиялық және халықпен диалог негізінде жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Сондай-ақ парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүдделі екенімізді жеткізгім келеді", – деді Валентина Матвиенко.

Мәулен Әшімбаев шекара маңы ынтымақтастығын нығайту қажеттігіне және трансшекаралық су нысандарына қатысты өзекті мәселелерді шешудің маңыздылығына да ерекше тоқталды.

"Трансшекаралық өзендердің экожүйелерін сақтау – маңызды мәселелердің бірі. Біздің еліміздің бірқатар өңірі үшін бұл әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәнге ие. Сондықтан қазақстандық қоғам осы бағытқа ерекше көңіл бөліп отыр. Соған байланысты Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның келесі отырысын осы жылдың күзінде трансшекаралық өзендер ағып жатқан Қазақстанның шекаралас облыстарының бірінде өткізуді ұсынғымыз келеді. Бұл мақсатта Орал қаласын қарастыруды ұсынамыз. Осылайша, сенаторлар жергілікті жерде мәселенің мән-жайымен жақын танысып, тиісті мемлекеттік органдарды тыңдап, бірлескен ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік алады", – деді Мәулен Әшімбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу