Қазақстан көрші елмен күнделікті су деңгейі туралы ақпарат алмасуға келісті

143

Еліміз Ресеймен Жайық, Тобыл, Есіл және Ертіс өзендері бассейндеріндегі су тасқынына дайындықты талқылады. 

Қазақстан көрші елмен күнделікті су деңгейі туралы ақпарат алмасуға келісті Фото: Cу ресурстары және ирригация министрлігі

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қазақстан-Ресей бірлескен жұмыс тобының IV отырысы су тасқыны кезеңіндегі өзара іс-қимыл мәселелеріне арналған. 

Қазақстандық делегацияны ҚР СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Гүлмира Имашева басқарған. Ресей тарапынан Ресей Федерациясының Су ресурстары федерал агенттігінің су шаруашылығы қызметін реттеу басқармасының басшысы Дмитрий Савостицкий қатысқан.

Отырыста тараптар гидрометеорологиялық жағдайды ескере отырып, алдағы көктемгі су тасқынының болжамдары мен ерекшеліктерін талқылады. Сондай-ақ, су қоймаларына келетін су көлемін алдын ала бағалау негізінде Жайық, Тобыл, Есіл және Ертіс өзендері бассейндерінде тасқын суды өткізу сценарийлері келісілді.

– Қазір біз ресейлік әріптестерімізбен бірге трансшекаралық өзендер бассейндеріндегі су шаруашылығы жағдайын мұқият бақылап отырмыз. Су қоймаларында тасқын суды қабылдауға дайындық жүргізіліп жатыр, – деді СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Гүлмира Имашева.

Осылайша, тараптар 2026 жылдың 2 наурызынан бастап су қоймаларының жұмыс режимдері мен гидробекеттердегі су деңгейлері туралы күнделікті ақпарат алмасуды бастауға келісті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу