Қазақстан мен Ресей шекарасындағы экономикалық белсенділікті 25 млн-ға жуық адам сезініп отыр - Тоқаев

304

Қазақстан Президенті Ресей басшысымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.  

Қазақстан мен Ресей шекарасындағы экономикалық белсенділікті 25 млн-ға жуық адам сезініп отыр - Тоқаев Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мемлекет басшысының айтуынша, Ресей Президентінің Қазақстанға сапары екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамыту перспективасын айқындау тұрғысынан ерекше мәнге ие. Бүгінде стратегиялық серіктестік және одақтастық рухындағы екіжақты ынтымақтастық барлық бағытта табысты дамып келеді.

– Екі елдің даму жолдарын өз бетінше әрі дербес таңдауы қос тарапқа кедергі келтірмейді, керісінше, бұл тең құқылы және өзара тиімді әріптестіктің пайдалы жағын еселей түседі. Мұны Қазақстанда да, Ресейде де жақсы түсінеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен күш-жігердің арқасында Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара екі ел экономикаларының игілігі үшін белсенді жұмыс істеп жатқанына назар аударды. Мұның нақты пайдасын шекара маңындағы өңірлерде тұратын 25 миллионға жуық адам сезініп отыр.

– Ғасырлар бойы бір-бірімен қоңсылас өмір сүрген ата-бабаларымыз достық, сенім мен тату көршілік қарым-қатынастың мызғымас құндылықтарын бізге аманат етті. Біз бұл құндылықтарды сақтап, келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек, – деді Президент.

Келіссөз барысында тараптар екіжақты экономикалық күн тәртібінің негізгі аспектілерін жан-жақты талқылады. Сондай-ақ алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындап, денсаулық сақтау, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, спорт және тағы да басқа салалардағы ықпалдастықты нығайтуды көздейтін бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу