Қазақстан мен Ресейдің энергожүйелері өзара қатар жұмыс жасайды

184

Тараптар жыл сайын Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесі арқылы Ресейден тасымалдауға жоспарланған электр энергиясы көлемін келісуге міндеттелді. 

Қазақстан мен Ресейдің энергожүйелері өзара қатар жұмыс жасайды Фото: press.kz

Мәжіліс Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы Қазақстан мен Ресей біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатқа 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласында қол қойылған.

"Қазақстан мен Ресейдің энергожүйелері өзара қатар жұмыс жасайды. Энергожүйенің қатар жұмыс істеуі әр елдің сенімді және тиімді жұмысының маңызды факторы болып табылады. Келісім жобасының негізгі мақсаты қатар жұмыс істеу процесінде туындайтын Тараптардың өзара қарым-қатынасын рәсімдеу, сондай-ақ негізгі шарттарды айқындау болып табылады. Соңғы жылдары елімізде қуаттардың тапшылығы байқалады, осыған байланысты Қазақстан мен Ресей энергожүйелерінің шекарасында ауытқулар ұлғая түсті, яғни келісілген мемлекетаралық сальдосы +/ 150 МВт көлемінен едәуір асып түсті. Кейбір сағаттарда қуаттылықтың ауытқуы 1500 МВт-қа дейін жетті",  деді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Сөзінше, Ресей тарапы 2021 жылғы 15 қарашада екі елдің Үкіметі арасындағы 2009 жылғы 20 қарашадағы Біріңғай энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді өзектендіру мәселесіне бастамашылық жасаған.

Келісімге сәйкес тараптар жыл сайын Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесі арқылы Ресейден тасымалдауға жоспарланған электр энергиясы көлемін келісуге міндетті болады. Бұл ретте электр энергиясын беру қызметтерінің ақысы Қазақстанның тарифтерді мемлекеттік реттеу саласындағы уәкілетті органы белгілеген тариф бойынша жүзеге асырылады. Ол Қазақстанның жеке тұтынушылары үшін электр энергиясын тасымалдау тарифінен аспауы қажет. 

Келісімді ратификациялау Ресеймен шекарадағы электр энергиясы ағынының мемлекетаралық теңгерімінің ауытқуын барынша азайтады. Сондай-ақ оны Ресейдің энергетикалық жүйесінен жоспарлы сатып алуды қамтамасыз етеді. Бұл ретте мемлекетаралық ағындар үшін электр энергиясын сатып алу-сату бағасын қалыптастыру қағидаттары айқындалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу