Қазақстан сыртқы істер министрі ресми сапармен Мәскеуге барды, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Ресми сапар шеңберінде Бейбіт Атамқұлов Мәскеуде Ресейдің СІМ басшысы Сергей Лавровпен кездесті. Кездесу РФ сыртқы істер министрінің шақыруымен өтті.
Кездесу барысында сыртқы саяси ведомстволар басшылары саяси және экономикалық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібінің түрлі аспектілері бойынша пікір алмасты.
Сыртқы саясаттың экономикалық құрамдас бөлігін нығайту жөніндегі ҚР сыртқы істер министрлігіне жүктелген міндеттерді ескере отырып, сауда-инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне, көлік-транзит, отын-энергетика және әскери-техникалық саладағы жағдай мен болашаққа, сондай-ақ Байқоңыр кешені бойынша ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.
Келіссөздердің маңызды бөлігі ретінде екі елдің өңірлік интеграциялық бірлестіктер шеңберіндегі өзара әрекеті болды.
Келіссөздер барысында Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігі қорытындыланып, көпжақты форматтағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы талқыланды. Екі ведомство басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша өз ұстанымдарын тексеріп, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерді үйлестіруге қызығушылық танытты.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей сыртқы саяси ведомстволары арасындағы 2019-2020 жылдарға арналған ынтымақтастық іс-шаралары жоспарына қол қойылды.
Жалпы алғанда, сындарлы сыртқы саяси ынтымақтастықтың маңыздылығы мен екі жақты ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету, интеграциялық байланыстарды, өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту мүддесі бойынша күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығы атап өтілді.
Тараптар СІМ-аралық өзара іс-қимылын одан әрі жылжытудың өзара рухын растады.